«Балаларды оңалтудағы инновациялық тәсілдер: технологиялардан нәтижелерге дейін» атты халықаралық ғылыми- практикалық конференция аясында 29 мамыр күні Астана қаласындағы Ұлттық балаларды оңалту орталығында тәжірибелік бағыттағы мастер-класс сабақтары ұйымдастырылды.
Мастер-класстар балаларды оңалтудың заманауи бағыттарын қамтыды. Қатысушылар нейропсихология, эрготерапия, дәстүрлі қытай медицинасы, диетология, постуральды менеджмент және басқа да өзекті тақырыптар бойынша тәжірибе алмасты.
Мастер-класс жүргізген сарапшылар қатарында:
- Ирина Авдюнина (Ресей) – медицина ғылымдарының кандидаты, невролог. Жұту бұзылыстарын басқару бойынша өз тәжірибесімен бөлісті.
- Нина Короткова (Франция) – клиникалық психология докторы, нейропсихолог. Көмек көрсетуші мамандарды психологиялық қолдау әдістерін ұсынды.
- Сюе Дзюнь Лон және Гао Фэн (Қытай) – Сиань клиникасының сарапшылары. Аутизм спектрінің бұзылыстары мен асқорыту жүйесі ауруларында дәстүрлі қытай медицинасының клиникалық қолданылуын таныстырды.
- Франка Панте (Франция) – нейрооңалтудағы жаңа технологиялар мен инновациялық тәсілдер бойынша баяндама жасады.
- Петра Магерль (Австралия) – еңбек терапевтеріне арналған ойын терапиясының тәжірибелік үлгілерін көрсетті.
- Жанна Медетбекова (ҰБОО) – кетогенді диетаның оңалтудағы қолданылу ерекшеліктерін түсіндірді.
- Даулеткерей Аманжол және Мадина Ибрагимова (ҰБОО) – постуральды менеджмент пен көмекші құралдарды таңдауға қатысты өз тәжірибелерімен бөлісті.
- ҰБОО мамандары – Нұргүл Ахмедьянова, Тойдық Каладинова, Рауза Спанова және Әлфия Сафина биологиялық кері байланыс (БКБ) әдісін қолдану бойынша практикалық сабақтар өткізді.
- Жанна Умбетова және Дана Баймағанбетова (Булат Өтемұратов қоры) – ESDM элементтерімен ойын процесін құру бойынша тренинг жүргізді.
- Северин Беккье (Франция) – нейроөсу бұзылыстарын ерте диагностикалауда қолданылатын бағалау шкалаларын таныстырды.
Бұл мастер-класстар халықаралық тәжірибе алмасуға, теорияны практикамен ұштастыруға және балаларды оңалтудың озық әдістерін кәсіби ортада талқылауға мүмкіндік берді.