«Медициналық кадрлардың жаңа буыны: білім беру, құзыреттер және денсаулық сақтаудағы инновациялар» атты республикалық конференцияда Ұлттық балаларды оңалту орталығының кеңейтілген практика мейіргері Халимгазиева Бекзат Орталықтың кәсіби әлеуетін таныстырды.
Ауқымды іс-шара аясында ол «Нейрооңалтудағы кеңейтілген практика мейіргері: заманауи құзыреттер мен роботтандырылған технологиялар» тақырыбында өзекті баяндама жасады. Баяндамада заманауи нейрооңалту саласын дамытудағы озық мейіргерлік технологияларды енгізу тәжірибесі, пациенттерді өз бетінше жүргізу және мейіргерлік қызметті үйлестіру мәселелері жан-жақты қамтылды.
Ұлттық балаларды оңалту орталығында «Дара» қорының бастамасымен және «Шеврон» компаниясының қолдауымен «Мүмкіндіктер уақыты» жобасы аясында ерте араласу бойынша біліктілікті арттыру курсы басталды.
Курсқа еліміздің әр өңірінен 64 маман қатысуда. Олардың қатарында неврологтар, педиатрлар, педагогтар, медбикелер және басқа да мамандар бар.
Оқыту бағдарламасы үш жасқа дейінгі балаларға ерте қолдау көрсетуді ұйымдастыруға және трансдисциплинарлық тәсілді тәжірибеде қолдануға бағытталған. Сабақтарды еліміздің осы саладағы тәжірибелі мамандары мен Ұлттық балаларды оңалту орталығының Ерте қолдау қызметінің мамандары жүргізеді. Қатысушылар теориялық білім алып, тәжірибелік дағдыларын жетілдіреді және отбасылармен тиімді жұмыс істеу тәсілдерін меңгереді.
«Баланың дамуындағы ерекшеліктерді ерте анықтап, қажетті қолдауды уақытында көрсету оның болашақ мүмкіндіктеріне тікелей әсер етеді. Сондықтан мамандардың білімі мен тәжірибесін жетілдіру, өзара тәжірибе алмасу және баламен қатар оның отбасына да қолдау көрсету өте маңызды», – деді Орталықтың Басқарма төрағасы Ажар Ғиният курстың ашылуында.
Курс мамандардың кәсіби әлеуетін арттырып, елімізде ерте қолдау жүйесін дамытуға ықпал етеді.
Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайым Матильданың Ұлттық балаларды оңалту орталығына сапары аясында бүгін Орталыққа Бельгия Корольдігінің іскерлік делегациясы келді.
Басқарма төрағасы Ажар Ғиният қонақтарды өзі қарсы алып, орталықтың негізгі қызмет бағыттарымен, балаларды оңалтуда көрсетілетін қызметтермен және қазіргі қажеттіліктерімен таныстырды. Атап айтқанда, протездеу мен ортездеу, нейробұлшықеттік және ортопедиялық оңалту, балалардың білім алуын қолдау, цифрлық технологияларды енгізу, мамандардың біліктілігін арттыру және халықаралық ынтымақтастық мәселелері қозғалды.
Бүгін Мемлекет басшысы Бельгиялықтар Королі Филипп және Патшайым Матильдамен бірге Ұлттық балаларды оңалту орталығында болды.
Мәртебелі қонақтар Орталығымыздың жұмысымен және даму ерекшеліктері бар балаларға көрсетілетін кешенді оңалту көмегімен танысты.
Сапар барысында медициналық және психологиялық-педагогикалық оңалтудың, әлеуметтік бейімдеудің заманауи әдістері, сондай-ақ жеке оңалту бағдарламаларында қолданылатын роботтандырылған технологиялар таныстырылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Король Филипп және Патшайым Матильда балалармен, олардың ата-аналарымен және орталық мамандарымен әңгімелесті. Белгиялықтар Королі және Патшайымы интерактивті бағдарламамызға қатысып, Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.
Орталық ұжымы атынан аса мәртебі қонақтарға ерекше балаларға көрсеткен қолдаулары мен қамқорлықтары үшін алғыс білдіреміз.
Ұлттық балаларды оңалту орталығының делегациясы Басқарма төрағасы Ажар Ғинияттың жетекшілігімен Италияға жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында Италияның жетекші медициналық және оңалту ұйымдарының жұмысын көріп, балаларға медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетудің заманауи тәсілдерімен танысты.
Алғашқы күні аутизм спектрі бұзылыстары бар балалар мен олардың отбасыларына қолдау көрсететін L’Abilità – Le Piccole Case орталығына барып, мамандар балаларды және отбасыларды сүйемелдеу, мультидисциплинарлық тәсіл және заманауи бағалау әдістері бойынша өзара тәжірибе алмасты.



