Орталықтың жаңалықтары
Ұлттық балаларды оңалту орталығында «Үміт әрдайым жанымызда» атты анимациялық фильмнің жабық көрсетілімі өтті
2025 жылғы 31 шілдеде Ұлттық балаларды оңалту орталығында «Үміт әрдайым жанымызда» атты қысқаметражды анимациялық фильмнің жабық көрсетілімі өтті. Бұл - ерекше қажеттіліктері бар балаларға деген шынайы сүйіспеншілікпен жасалған ерекше жоба. Фильм Ұлттық киноны қолдау орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағалидің бастамасымен Орталыққа тарту етіліп, енді орталық қабырғасында ем алатын балаларға үміт пен арманның маңызын еске салып отыратын маңызды құралға айналмақ.Шара барысында қонақтарды Орталық атынан Басқарма төрағасының стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Лариса Павловец қарсы алып, жоба тобына шынайы алғыс білдірді. Ол өз сөзінде мұндай бастамалардың қоғамдағы инклюзияны ілгерілетуде маңызы зор екенін атап өтті.
Фильм сценарийінің авторы - 19 жастағы ерікті, әлеуметтік кәсіпкер Диана Мұрзағалиеваның есімін ерекше атап өтеміз. Ерекше балалардың әлеміне деген шынайы көзқарасы бұл туындының идеялық негізіне айналды.
Іс-шараның құрметті қонақтарының қатарында:
- Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Роза Мұқанова;
- TEDxAstana жобасының кураторы Әлия Сандыбай;
- «Ерекше балалардың ата-аналары одағы» РҚБ Астана қалалық филиалының жетекшісі Гүлсан Мауина;
- «Special Hearts KZ» инклюзивті сән театрының жетекшісі Жанна Шкатова;
- ЮНИСЕФ-тің жастарды тарту жөніндегі маманы Ерсайын Қабрашев болды.
Көрсетілім аясында қонақтарға орталық жұмысы таныстырылып, экскурсия ұйымдастырылды. Басқарма төрағасының медициналық бөлім жөніндегі орынбасары Айгүл Алтынбекова оңалту бағдарламалары мен Орталықтың кәсіби қызметі туралы толық ақпарат беріп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.