Ұлттық балаларды оңалту орталығы Оңтүстік Кореяда
- Қаралды: 237
Оңтүстік Кореяның H Robotics компаниясының шақыруымен Ұлттық балаларды оңалту орталығының Басқарма төрағасы Ажар Ғиният пен Орталық қызметкерлері 2025 жылғы 30 - 31 қазан күндері Корея Республикасына жұмыс сапарымен барды.
30 қазанда инновациялық оңалту жабдықтарын өндіретін H Robotics Co., Ltd. компаниясының басшысы Chunbae Lee және Оңтүстік Кореяның мемлекеттік сатып алу қызметінің президенті Seung-bo Baek мырзамен кездесу өтті.
Кездесу барысында ынтымақтастық мәселелері мен инновациялық медициналық технологияларды экспорттау бағытындағы бірлескен жұмыстар талқыланды.
Осы күні H Robotics компаниясы өндірістік процесін көрсетіп, жоғарғы және төменгі аяқ-қол қозғалыс бұзылыстары бар пациенттерге арналған роботтандырылған жаттығу құрылғыларын шығаратын зауытпен таныстырды.
Сапар барысында Басқарма төрағасы Ажар Ғиният компанияның технологиялық әлеуетін жоғары бағалап, инновацияларды Қазақстандағы балаларды оңалту жүйесіне енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша Ұлттық балаларды оңалту орталығы мен H Robotics компаниясы арасында 5 жыл мерзімге арналған ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Меморандум инновациялық оңалту технологияларын әзірлеу мен клиникалық қолдану саласында ынтымақтастықты дамытуға, Оңтүстік Корея үкіметі қолдайтын бірлескен жобаларға қатысуға, сондай-ақ заманауи шешімдерді оңалту тәжірибесіне енгізу үшін білім мен тәжірибе алмасуға бағытталған.
31 қазанда Орталық делегациясы Dongtan Ardim әлеуметтік көмек көрсету орталығына барып, роботтандырылған жабдықты клиникалық тәжірибеде қолдану үрдісімен танысып, кореялық әріптестерімен тәжірибе алмасты.
Сондай-ақ делегация Сеул ұлттық балаларды оңалту орталығына барып, өзара тәжірибе алмасу мен алдағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Қол қойылған меморандум аясында H Robotics компаниясы мен Оңтүстік Кореяның мемлекеттік сатып алу қызметі Ұлттық балаларды оңалту орталығына жалпы құны 182 млн теңге болатын екі инновациялық Rebless Planar оңалту құрылғысын сыйға тартты.


