Ұлттық балаларды оңалту орталығының Басқарма төрағасы Ажар Ғиният – Үндістанның жетекші медициналық орталықтарына кәсіби сапармен барды
- Қаралды: 15
Өткен аптада Басқарма төрағасы Ажар Ғиният денсаулық сақтау саласындағы озық тәжірибені зерделеу, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу және медициналық көмекті ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін бағалау мақсатында Үндістан Республикасына ресми сапар жасады.
Сапар барысында халықаралық деңгейде танылған елдің жетекші көпсалалы медициналық ұйымдары – Artemis Hospital және Fortis Healthcare клиникаларының жұмысымен танысты.
Artemis Hospital клиникасында Ұлттық орталық делегациясы заманауи инфрақұрылыммен, жоғары технологиялық жабдықтармен және инновациялық емдеу әдістерімен танысты. Әсіресе, балаларды оңалту ісіндегі пәнаралық тәсілдер мен әр пациентке арналған жеке терапия бағдарламалары басты назарда болды.
Fortis Healthcare клиникалар желісінде жетекші мамандармен және медициналық ұйымдардың басшыларымен кездесулер өтті. Келіссөздер барысында пациенттерді диагностика, емдеу және оңалтудың өзекті мәселелері талқыланды. Сондай-ақ халықаралық стандарттарға сай медициналық қызмет көрсету сапасы мен пациенттердің қауіпсіздігіне жасалған жағдай жоғары бағаланды.
Сапар қорытындысы бойынша ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту жөнінде келісімдерге қол жеткізілді, оның ішінде меморандумға қол қою, кәсіби тәжірибе алмасу, бірлескен білім беру іс-шараларын өткізу және серіктестік бағдарламаларды дамыту көзделген. Сондай-ақ Ажар Ғиният үндістандық әріптестерді мамыр айында Ұлттық балаларды оңалту орталығының ұйымдастыруымен өтетін «Балаларды оңалтудағы пәнаралық диалог» атты халықаралық конференцияға қатысуға шақырды.
Аталған сапар Үндістанның медицина саласындағы жоғары даму деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеп, денсаулық сақтау жүйесінде озық тәжірибелерді енгізу мен халықаралық өзара іс-қимылды кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашты.


