Халықаралық ынтымақтастықты нығайту: Ұлттық балаларды оңалту орталығының (ҰБОО) Тайланд Корольдігі Елшілігінің іс-шарасына қатысуы
- Қаралды: 125
6 сәуірде Ұлттық балаларды оңалту орталығы Тайланд Корольдігінің Елшілігі ұйымдастырған «Тайланд – Қазақстан» халықаралық нетворкинг-іс-шарасына қатысты.
Кездесудің негізгі тақырыбы денсаулық сақтау, сауықтыру және медициналық қызмет көрсету саласындағы озық тәжірибе туралы болды. Іс-шара кәсіби білім алмасуға және екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын іздеуге арналған алаңға айналды.
ҰБОО атынан спикер ретінде Басқарушы директор Сая Амангелдіқызы сөз сөйлеп, Орталықтың жетістіктері мен ҰБОО-да сәтті қолданылып жүрген заманауи оңалту әдістемелерін таныстырды.
Нетворкинг іс-шараның жалғасы ретінде 7 сәуір күні Тайланд Корольдігі Елшілігінің өкілдері — кеңесші-уәкіл, доктор Оратай Пхубунлап, сондай-ақ «Samitivej» госпитальдар тобының өкілдері — құрметті профессор Suthat Fucharoen және Minami Namiza ханым Ұлттық балаларды оңалту орталығына ресми сапармен келді.
Сапардың мақсаты орталықтың клиникалық базасымен және жоғары технологиялық жабдықтарымен танысу болды. Делегация үшін шолу экскурсиясы ұйымдастырылып, оның барысында ҰБОО жұмысының негізгі бағыттары, балаларды оңалтудағы мультипәндік тәсіл және орталықтың технологиялық жабдықталуы таныстырылды.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар серіктестікті одан әрі дамыту, тәжірибе алмасу, балаларды оңалту және медициналық технологиялар саласындағы бірлескен бастамаларды іске асыру жолдарын талқылады.


