Ұлттық балаларды оңалту орталығы өкілдері мейіргер ісі бойынша ғылыми форум жұмысына қатысты
- Қаралды: 48
Ұлттық балаларды оңалту орталығы мейіргерлері Назарбаев Университеті ұйымдастырған мейіргерлік іс бойынша студенттік ғылыми зерттеулерге арналған I форумға қатысты. «Студенттердің дауысы, ұлттық ықпал: студенттік зерттеулер мен инновациялар арқылы Қазақстандағы мейіргерлік істі дамыту» тақырыбында өткен форум мейіргерлік саласындағы ғылыми ізденістер мен инновациялық бастамаларды қолдауға бағытталды.
Аталған іс-шара «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттерді біріктіріп, олардың ғылыми жобалары мен тәжірибеге негізделген зерттеулерін ұсынуға мүмкіндік берді. Форум аясында жас зерттеушілер өздерінің кәсіби көзқарастары мен денсаулық сақтау жүйесін дамытуға арналған бастамаларын таныстырды.
Форум жұмысына сарапшы ретінде Ұлттық балаларды оңалту орталығы мейіргер ісі жөніндегі директоры Райхан Тлеулинова қатысып, студенттердің ғылыми жұмыстарын бағалады. Ол қатысушылардың жоғары дайындық деңгейін, ұсынылған тақырыптардың өзектілігін және олардың Қазақстанның денсаулық сақтау саласы үшін маңызын ерекше атап өтті.
Орталық мамандары үшін мұндай ғылыми алаңдарға қатысу – кәсіби тәжірибе алмасуға, жас мамандарды қолдауға және мейіргерлік істің дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл Ұлттық балаларды оңалту орталығы мамандарының кәсіби қауымдастықпен байланысын нығайтып, саланың заманауи үрдістерін дамытуға белсенді атсалысып келе жатқанын көрсетеді.


