Ұлттық балаларды оңалту орталығына Моңғолия Денсаулық сақтау министрлігінің делегациясы келді
- Қаралды: 50
2026 жылғы 5 маусымда Ұлттық балаларды оңалту орталығына Моңғолиядан 23 адамды құрайтын делегация келді. Сапарды денсаулық сақтау саласындағы сапа мен пациент қауіпсіздігін басқарудың озық тәжірибелерімен танысу және тәжірибе алмасу мақсатында «Accreditation Center for Quality in Healthcare» (ACQH) қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Қонақтар үшін Орталықтың негізгі бөлімшелері бойынша таныстыру экскурсиясы өткізілді. Экскурсия барысында делегация мүшелері оңалту инфрақұрылымы нысандарын аралап, заманауи инновациялық жабдықтармен танысты.
Ұлттық балаларды оңалту орталығының басқарушы директоры Сая Амангелдіқызы Орталықтың қызметі, негізгі жұмыс бағыттары, жаңа технологиялары және қол жеткізген нәтижелері туралы ақпарат берді.
Пациенттерді қолдау және ішкі бақылау қызметінің басшысы Г.А. Қосжанова қатысушыларды сапа менеджменті жүйесімен, халықаралық стандарттарды енгізу тәжірибесімен, сондай-ақ Орталықта қолданылатын пациент қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәсілдерімен таныстырды.
Мейіргер ісі жөніндегі директор Р.Р. Тлеулинова Орталықта Пациент қауіпсіздігінің халықаралық мақсаттары (ПҚХМ) стандарттарын сақтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырып, медициналық көмектің сапасын арттырудағы, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудағы және пациенттерге күтім көрсету үдерістерін жетілдірудегі мейіргерлік қызметтің рөлі туралы баяндады.
Кездесу соңында сұрақ-жауап сессиясы ұйымдастырылып, Ұлттық балаларды оңалту орталығының мамандары қонақтардың сұрақтарына жан-жақты жауап беріп, жұмыс ерекшеліктерін түсіндірді.


