Ұлттық балаларды оңалту орталығында өрт кезіндегі эвакуациялау бойынша тәжірибелік оқу-жаттығу өтті
- Қаралды: 40
2026 жылғы 5 маусымда Ұлттық балаларды оңалту орталығында өрт жағдайындағы іс-қимылдарға арналған жоспарлы объектілік оқу-жаттығу өткізілді.
Оқу дабылы берілгеннен кейін орталық қызметкерлері, пациенттер мен келушілер белгіленген қауіпсіздік аймақтарына ұйымдасқан түрде эвакуацияланды. Құрылымдық бөлімдердің басшылары азаматтық қорғау құралымдарын толық дайындыққа келтіріп, адамдарды ғимараттан жедел әрі қауіпсіз шығаруды қамтамасыз етті.
Жаттығу барысында 377 адам сәтті эвакуацияланды. Барлық іс-шаралар белгіленген нормативтік уақыт шеңберінде орындалып, оқу алаңында қатысушыларды түгендеу жүргізілді. Клиникалық бөлімдердің азаматтық қорғау құралымдары табельдік жарақтандыруға сәйкес тыныс алу органдарын қорғау құралдарымен, зембілдермен және қажетті дәрілік заттармен қамтамасыз етілді.
Практикалық бөлім аясында клиникалық бөлімдердің мейіргерлері ұнтақты өрт сөндіргіштердің көмегімен шартты өрт ошағын сөндіру дағдыларын пысықтады. Сонымен қатар азаматтық қорғау құралымдары шартты зардап шеккендерге алғашқы дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету бойынша тәжірибелік сабақтар өткізді.
Мұндай оқу-жаттығулар қызметкерлердің төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарға дайындық деңгейін арттыруға, сондай-ақ пациенттер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған практикалық дағдыларды жетілдіруге мүмкіндік береді.


