Астана қаласындағы Тұран даңғылы бойында, Сығанақ көшесі бағытына қарай жаңа «Ұлттық балаларды оңалту орталығы» аялдамасы іске қосылды.
Жаңа аялдама арқылы №26, 27, 40, 42, 50, 51, 53, 55А, 61, 66 және 67 қалалық автобус бағыттары қатынайды. Бұл Ұлттық балаларды оңалту орталығына келетін пациенттер мен олардың ата-аналарына, сондай-ақ орталық қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Орталыққа күн сайын жүздеген бала, олардың ата-аналары мен заңды өкілдері келеді. Сондықтан оңалту көмегінің қолжетімділігін арттыру және қауіпсіз көлік инфрақұрылымын дамыту ерекше маңызға ие.
Осы орайда Ұлттық балаларды оңалту орталығы жаңа аялдаманың орнатылуына қолдау көрсеткені үшін Астана қаласы Нұра ауданы әкімдігіне шынайы алғысын білдіреді.
Бұл бастама ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың отбасыларының өмір сапасын жақсартуға, сондай-ақ медициналық оңалту қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.




