87085036573   

87085036573
Тіркеу бөлімі
87172511555, 87172511612
Тіркеу бөлімі
Тұран даңғылы, 36
Астана қаласы

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ерекше балаларға – қолжетімді әрі заманауи оңалту: Қызылорда филиалының дамуына демеушілердің үлесі

Ұлттық балаларды оңалту орталығының Қызылорда қаласындағы филиалы 2013 жылы ашылып, бүгінгі күні өңірдегі ерекше қажеттіліктері бар балаларға мамандандырылған оңалту көмегін көрсететін маңызды медициналық ұйымдардың біріне айналды. Филиал Қызылорда облысының Талсуат елді мекенінде орналасқан және жыл сайын 840 балаға кешенді оңалту қызметін ұсынады. Мұнда Қызылорда облысының аудандары мен қалаларынан, сондай-ақ көршілес Түркістан және Ақтөбе облыстарынан келген бүлдіршіндер ем қабылдайды.

2024 жылдан бастап Қызылорда филиалы Ұлттық балаларды оңалту орталығының құрамына өтіп, өңірлік оңалту қызметін дамыту жаңа деңгейге көтерілді. Бүгінде бас орталықта қолданылатын заманауи технологиялар кезең-кезеңімен филиал жұмысына енгізіліп, мамандардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл ерекше балалардың тұрғылықты жеріне жақын жерде сапалы әрі заманауи оңалту көмегін алуына мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда филиалда емдік және адаптивті дене шынықтыру, эрготерапия, постурография, ортездеу, биологиялық кері байланыс технологиялары, логопедиялық және психологиялық түзету, дефектология, Монтессори педагогикасы, музыкалық және ойын терапиясы, сондай-ақ физиотерапия мен емдік массаждың түрлі бағыттары бойынша кешенді қызмет көрсетіледі.

2025–2026 жылдары демеушілердің қолдауының арқасында филиалдың материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайтылды. Орталыққа оттегі коктейлі аппараты, тұз шахтасы бөлмесі, иппотренажер, жүгіру жолы, велотренажер, емдік дене шынықтыру залына арналған арнайы жабдықтар, эрготерапия кабинеті үшін ас үй жиһазы, балалар кітапханасы, концерттік орындықтар, балалардың дамуына арналған ойыншықтар және басқа да қажетті оңалту құралдары табысталды.

Филиалдың дамуына елеулі үлес қосқан әлеуметтік жауапты серіктестердің қатарында «ҚызылорГаз» ЖШС, «MD Stroy Group», «NP-Consulting» ЖШС, «GasLine KZ» ЖШС, «ҚОР» мұнай компаниясы» АҚ, «Biali LTD» ЖШС, сондай-ақ өңірдің кәсіпкерлері мен қайырымды азаматтары бар. Олардың қолдауының нәтижесінде ерекше балалардың сапалы әрі тиімді оңалтудан өту мүмкіндігі артып, орталықтың мүмкіндіктері кеңейе түсті.

Ұлттық балаларды оңалту орталығының ұжымы және Қызылорда филиалы атынан ерекше балалардың денсаулығы мен жарқын болашағына бейжай қарамай, орталықтың дамуына үлес қосып жүрген барлық демеушілерге шынайы алғысымызды білдіреміз.

Бірлескен күш-жігердің арқасында өңірдегі жүздеген бала өз облысында заманауи, сапалы әрі қолжетімді оңалту көмегін алып, толыққанды өмір сүруге тағы бір қадам жақындай түсуде.

  • 01
  • 02
  • 03
  • 04
  • 05
200.png
© Copyright 2026 DESIGN BY SITE-PRO.KZ. All Rights Reserved.
Whatsapp Instagram YouTube Запись на консультацию