Ұлттық балаларды оңалту орталығының делегациясы Қытайда аутизм бойынша бірлескен жобаны іске асыру мәселелерін талқылады
- Қаралды: 27
2026 жылғы 3–5 шілде аралығында Ұлттық балаларды оңалту орталығының Басқарма төрағасы Ажар Ғиният бастаған делегация Қытай Халық Республикасының Сиань қаласына жұмыс сапарымен барды.
Сапардың басты мақсаты – өткен жылы қол қойылған өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясындағы бірлескен ғылыми жобаны іске асыру мәселелерін талқылау болды. «Аутизм спектрінің бұзылыстарын емдеуге бейімделген дәстүрлі қытай медицинасы әдістерін әзірлеу, бағалау және енгізу бойынша демонстрациялық зерттеу» деп аталатын бұл ауқымды жоба аутизм спектрінің бұзылыстары бар балаларға кешенді көмек көрсетуге бағытталған.
Сонымен қатар, орталық делегациясы XIII Еуразиялық балалар дәрігерлерінің «Бала және қоғам: денсаулық, даму және тамақтану мәселелері» конгресіне қатысты. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген жетекші мамандар балалар денсаулығын нығайту бағытындағы озық тәжірибелерімен бөлісті.
Халықаралық шараның ашылуында Ажар Ғиният Қазақстан атынан құттықтау сөз сөйлеп, «Кешенді қарқынды медициналық оңалту: бүгінгі сын-қатерлер және болашаққа көзқарас» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде еліміздегі балаларды медициналық оңалту жүйесінің даму серпініне, ерекше балаларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларына және саланы одан әрі жетілдірудің басым бағыттарына тоқталды.
Сондай-ақ, 5 шілдеде XIII Еуразиялық балалар дәрігерлерінің конгресі аясында Сиань дәстүрлі қытай медицинасының ми ауруларын емдеу ауруханасының 30 жылдығына арналған XIII жыл сайынғы балаларды оңалту конференциясы өтті. Конференция барысында Ажар Ғиният заманауи оңалту әдістері, мамандарды даярлау стандарттары, клиникаларды басқару және халықаралық тәжірибе жөнінде баяндама жасады.
Сапар қорытындысы бойынша аутизм спектрінің бұзылыстары бар балаларға арналған бірлескен ғылыми жобаны іске асыру жұмыстары жалғасып, халықаралық конгресс барысында алынған тәжірибе мен жаңа тәсілдер Ұлттық балаларды оңалту орталығында медициналық оңалту қызметін одан әрі жетілдіруде пайдаланылатын болады.


