Ұлттық балаларды оңалту орталығында 9-шы оңалту айналымының жабылуына орай балалар мен ата-аналар үшін ерекше әрі әсерлі кездесу ұйымдастырылды.
Астанада гастрольдік сапармен жүрген Ақтөбе облыстық «Алақай» балалар қуыршақ театры Орталыққа арнайы келіп, бүлдіршіндерге инклюзивті иммерсивті «Жыл мезгілдері» қойылымын ұсынды.
Театр ұжымының Орталыққа келуі ынтымақтастық туралы меморандум аясында «СРОД» РҚБ-нің қолдауымен жүзеге асты.
«Жыл мезгілдері» – ерекше қажеттіліктері бар балаларға бейімделген сенсорлық қойылым. Қойылым барысында сахна мен көрермен арасындағы шекара жойылып, балалар театрландырылған әрекеттің тікелей қатысушысына айналды.
Қуыршақтар, музыка, түрлі символдар, хош иістер мен ым-ишара арқылы әртістер төрт мезгілдің ауысуын бейнеледі.
Балалар көктемгі гүлдерді отырғызып, күзгі жапырақтармен ойнап, жұмсақ қармен танысты. Сөзден гөрі сезімге басымдық берілген қойылым әр балаға ертегі әлеміне еркін еніп, жағымды эмоциялар алуға мүмкіндік берді.
Қойылым балаларды театрдың сиқырлы әлеміне жақындатып, 9-шы оңалту айналымының жабылуына орай ерекше сый болды
Кездесу соңында Ұлттық балаларды оңалту орталығының атынан «Алақай» театрының ұжымына балаларға қуаныш сыйлағаны үшін алғыс хат табысталды.
Орталық ұжымы шығармашылық ұжымға алғыс білдіріп, жаңа қойылымдар мен шығармашылық табыстар тілейді!



