Ұлттық балаларды оңалту орталығында «Дара» қорының бастамасымен және «Шеврон» компаниясының қолдауымен «Мүмкіндіктер уақыты» жобасы аясында ерте араласу бойынша біліктілікті арттыру курсы басталды.
Курсқа еліміздің әр өңірінен 64 маман қатысуда. Олардың қатарында неврологтар, педиатрлар, педагогтар, медбикелер және басқа да мамандар бар.
Оқыту бағдарламасы үш жасқа дейінгі балаларға ерте қолдау көрсетуді ұйымдастыруға және трансдисциплинарлық тәсілді тәжірибеде қолдануға бағытталған. Сабақтарды еліміздің осы саладағы тәжірибелі мамандары мен Ұлттық балаларды оңалту орталығының Ерте қолдау қызметінің мамандары жүргізеді. Қатысушылар теориялық білім алып, тәжірибелік дағдыларын жетілдіреді және отбасылармен тиімді жұмыс істеу тәсілдерін меңгереді.
«Баланың дамуындағы ерекшеліктерді ерте анықтап, қажетті қолдауды уақытында көрсету оның болашақ мүмкіндіктеріне тікелей әсер етеді. Сондықтан мамандардың білімі мен тәжірибесін жетілдіру, өзара тәжірибе алмасу және баламен қатар оның отбасына да қолдау көрсету өте маңызды», – деді Орталықтың Басқарма төрағасы Ажар Ғиният курстың ашылуында.
Курс мамандардың кәсіби әлеуетін арттырып, елімізде ерте қолдау жүйесін дамытуға ықпал етеді.



