Қарағанды облысында Ұлттық балаларды оңалту орталығының филиалы салынып жатыр. Жаңа орталық Пришахтинск ауданында орналасып, өңірдегі балаларға медициналық, педагогикалық және әлеуметтік бағыттарды қамтитын кешенді оңалту көмегін көрсетуге мүмкіндік береді.
Нысанның құрылыс барысымен жұмыс сапары аясында Ұлттық балаларды оңалту орталығының Басқарма төрағасы Ажар Ғиният танысты. Сапар барысында болашақ орталықтың жобасы қаралып, оның жұмысын ұйымдастыру, медициналық оңалту бағыттарын дамыту және балаларға көрсетілетін көмектің мазмұны талқыланды.
75 төсек-орынға есептелген орталық жыл сайын 1 000-нан астам баланы стационарлық, 2 000-ға жуық баланы амбулаториялық оңалтумен қамти алады. Бұл Қарағанды облысындағы балаларға мамандандырылған оңалту көмегін өз өңірінде алуға мүмкіндік береді.
Болашақ орталықта медициналық оңалтумен қатар, түзету-педагогикалық сабақтар, әлеуметтік бейімдеу, балалардың дағдыларын дамытуға арналған кеңістіктер мен түрлі шеберханалар қарастырылған. Мұндай тәсіл баланың денсаулығын жақсартумен қатар, оның өздігінен әрекет етуіне, қарым-қатынас жасауына және әлеуметтік ортаға бейімделуіне жағдай жасауға бағытталған.
Балаларды оңалту көмегінің қолжетімділігін өңірлерде арттыру – Мемлекет басшысы белгілеген маңызды міндеттердің бірі. Қарағандыдағы жаңа орталықтың ашылуы осы бағыттағы жүйелі жұмыстың маңызды қадамдарының бірі болмақ.
Ұлттық балаларды оңалту орталығы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Қабдулаұлы Бөлекпаевқа және облыс әкімдігіне балалардың денсаулығы мен болашағына бағытталған жобаны қолдағаны үшін алғыс білдіреді.



