Қазақстан мен Орынбор облысы арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты дамыту аясында Ұлттық балаларды оңалту орталығына Орынбор облысы Үкіметі төрағасының әлеуметтік саясат жөніндегі орынбасары, вице-губернатор Лариса Боярская келді.
Орталықтың Басқарма төрағасы Ажар Ғиният қонақтарды қарсы алып, мекеменің жұмысымен таныстырды. Кездесу барысында Орталықтың балаларды оңалту бағытындағы тәжірибесі, қолданылатын әдістер мен заманауи технологиялар туралы айтылды. Сонымен қатар қонақтар оңалту бөлімдерін аралап, мамандардың жұмысымен танысты.
Кездесу кезінде екі тарап арасындағы кәсіби байланысты нығайту, тәжірибе алмасу және мамандардың өзара ынтымақтастығын дамыту мәселелері талқыланды.
Тараптар Орынбор облысынан дәрігерлер делегациясын Ұлттық балаларды оңалту орталығына жіберу жөнінде келісті. Бұл мамандарға Орталықтың жұмыс тәжірибесімен танысып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.



