Конференция 2026
«Балаларды оңалтудағы пәнаралық диалог» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы
2026 жылғы 28-29 мамыр күндері «Ұлттық балаларды оңалту орталығы» КеАҚ базасында балаларды медициналық оңалту, физикалық медицина, мейіргер ісі, педагогика және ерекше қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтік қолдау саласындағы жетекші мамандарды, сондай-ақ ғылыми-академиялық қауымдастық, қоғамдық қорлар мен ата-аналар ұйымдарының басын қосқан «Балаларды оңалтудағы пәнаралық диалог» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шара тәжірибе алмасуға, заманауи сын-қатерлерді талқылауға және балаларды оңалту саласындағы тиімді шешімдерді іздеуге арналған маңызды кәсіби алаңға айналды. Конференция жұмысына Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен келген 350-ден астам маман, сондай-ақ халықаралық сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Конференция аясында «Балаларды оңалту саласын дамытудағы заманауи үрдістер» атты пленарлық отырыс өткізіліп, онда балаларға оңалту көмегін дамытудың өзекті бағыттары, инновациялық тәсілдер мен халықаралық ынтымақтастықтың перспективалары таныстырылды.
Конференция бағдарламасы келесі бес тақырыптық секцияны қамтыды:
- «Ерте араласу – балалар мүгедектігінің алдын алу»;
- «Балаларды оңалтудaғы роботтандырылған технологиялар»;
- «Физикалық медицина мен ортездеудегі заманауи тәсілдер»;
- «Қоғамдағы ерекше бала: дамыту, оқыту, бейімдеудің пәнаралық тәсілі»;
- «Оңалту үдерісіндегі мейіргер персоналының рөлі: басқарудан іске асыруға дейін».
Ғылыми бағдарлама аясында балаларды кешенді оңалту, заманауи технологияларды қолдану, мультипәндік тәсілді дамыту және оңалту көмегінің сапасын жетілдіру мәселелеріне арналған 30-дан астам баяндама ұсынылды.
Қазақстандық және шетелдік жетекші сарапшылар тәжірибе бөлісті. Конференцияға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Еуропалық өңірлік бюросының сарапшылары, сондай-ақ Франция, Словения, Қытай, Оңтүстік Корея, Үндістан, Түркия, Филиппин, Әзербайжан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің мамандары қатысты.
Орталық мамандары әзірлеген және дайындаған заманауи оңалту технологиялары мен ортездік бұйымдардың көрмесі қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Көрмеде оңалту үдерісінің тиімділігін арттыруға бағытталған инновациялық шешімдер ұсынылды.
Конференцияның практикалық бөлімі 29 мамыр күні жалғасын тауып, Орталық базасында 300-ден астам қатысушының басын қосқан 11 мастер-класс ұйымдастырылды. Мастер-кластар аясында келесі тақырыптар қарастырылды:
- «Ерте араласу технологиялары»;
- «Rebless planar құрылғысында қолға арналған роботтандырылған оңалту»;
- «Балаларды оңалтуда гониометриялық бақылауы бар DEWOLL-ELITE интерактивті платформасын қолдану»;
- «Церебралды параличі бар балалардағы спастиканың әртүрлі паттерндерін емдеудегі ботулинотерапия ерекшеліктері»;
- «Транскраниалды магниттік ынталандыру. Неврологиялық бұзылыстар кезінде қолданудың клиникалық тәжірибесі»;
- «Эквинусты сатылы гипстеу арқылы түзетудің клиникалық аспектілері мен техникасы»;
- «АСБ бар балаларымен балама коммуникация әдістері»;
- «АДШ элементтерімен сенсомоторлы интеграцияны қолдану»;
- «Постуралды менеджмент практикасы: бағалаудан нәтижеге дейін позициялау»;
- «Кеңейтілген практика мейіргерлерінің «Ұлттық балаларды оңалту орталығы» КеАҚ-та оңалту процесін ұйымдастыруы»;
- «Дәстүрлі қытай медицинасында ақыл-ой дамуы кешеуілдеуінің диагностикасы және емдеу», «Дәстүрлі қытай медицинасында балалар церебралды параличін емдеу».
Конференцияны өткізу кәсіби қауымдастықтың пәнаралық өзара іс-қимылды дамытуға және балаларды оңалту тәжірибесіне инновациялық технологияларды енгізуге деген жоғары қызығушылығын тағы бір мәрте растады. Қатысушылар халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың, кадрлық әлеуетті дамытудың және балалар мен олардың отбасыларының өмір сапасын арттыруға бағытталған заманауи дәлелді тәсілдерді енгізудің маңыздылығын атап өтті.


