Балалардың психикалық-тілдік дамуының кешеуілдеуі (ПТДК): бұл нені білдіреді?

Балаңыз қатарластарына қарағанда аз сөйлесе, бұл маңызды белгі: оған қолдау көрсетіп, баланың өз қарқынымен дамуына көмектесу қажет.
Зерттеулерге сәйкес, мектеп дасына дейінгі балаларда сөйлеу және тілдік дамудың кешеуілдеуінің әлемде таралуы шамамен 3–15 % құрайды (Eyüboğlu & Eyüboğlu, 2019). ПТДК-ны түзетудің заманауи тәсілдері балалардың тілін біртіндеп дамытуға, түсінігін жақсартуға, отбасы мүшелерімен және құрдастарымен сөйлесу қуанышын сезінуге мүмкіндік береді.
ПТДК дегеніміз не?
Психикалық-тілдік дамудың кешеуілдеуі (ПТДК) — баланың сөйлеу, зейін қою, есте сақтау және ойлау қабілетінің баяу дамуы.
Мұндай бала аз сөзді түсінеді, қысқа сөз тіркестерімен сөйлейді немесе өзге балалар белсенді сөйлей бастайтын жаста мүлде сөйлемеуі де мүмкін.
Сөйлеу және ойлау қабілеті дамуының кешеуілдеуін қалай анықтауға болады?
Әдетте бір нәрсе дұрыс болмай жатқанын ең алдымен ата-анасы байқайды. Мына белгілерге назар аудару қажет:
- бала 6 айдан кейін аз гуілдейді немесе былдырламайды;
- бір жасқа толғанда қарапайым дыбыстарды айтпайды және өз атына жауап бермейді;
- 2 жасында өте аз сөз қолданады немесе олармен қарапайым тіркес құрап айта алмайды;
- 3 жастан кейін түсініксіз сөйлейді, өтінішін түсінуде қиындық туындай бастайды;
- Зейін қоюда, қарапайым нұсқауларды есте сақтауда, өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын меңгеруде қиналады;
- эмоциялық реакциясы тұрақсыз: не шамадан тыс белсенді немесе тұйық.
Егер сіз осы белгілердің бірнешеуін байқасаңыз, дереу маманға жүгініңіз. Ерте басталған диагностика тиісті көмек бағытын дұрыс таңдауға мүмкіндік береді.
Ерте әрекет етудің маңызы неде?
Баланың миы өмірінің алғашқы жылдарында өте сезімтал болады. Уақытында көмек көрсетілсе, сөйлеу, зейін қою және ойлау қабілетінің дамуын ынталандыруға болады.
Зерттеулерге сәйкес, түзетуді 3 жасқа дейін бастаған балалар тілдік және когнитивтік дамудың тиісті деңгейін жиі қуып жетеді (Vermeij et al., 2023).
ПТДК-ны түзету қалай жүргізіледі?
Жұмыс әрдайым кезең-кезеңмен және баланың жасына, ерекшеліктеріне сәйкес жеке-дара жүргізіледі.
Әдетте бағдарлама мыналарды қамтиды:
- Логопед, дефектологтың сабағы — сөйлеу дағдысын, артикуляцияны, сөздік қорды дамыту.
- Зейін қою, есте сақтау және ойлауды дамытуға арналған ойындар — қимыл, музыка және сюжетті тапсырмалар арқылы.
- Психологпен жұмыс — эмоциялық жауап, сенімділік және қарым-қатынасты қалыптастыру.
- Ата-аналармен жұмыс — үйде дұрыс сөйлесу және ойнау тәсілдерін үйрету.
Маңызды: сабақтардың жүйелі әрі жағымды жағдайда өтуі — табыстың кілті.
Ата-аналар үйде не істей алады?
- Балаңыз жауап қатпаса да, онымен жиі сөйлесіңіз.
- Қарапайым сөздерді, мимиканы, қимыл-ишараны, суреттерді қолданыңыз.
- Шағын ертегілер оқып беріңіз, ән айтыңыз, суреттерді бірге талқылаңыз.
- Әрбір айтқан жаңа сөзіне қуаныңыз, қолдау мен мадақтау ынталандырады.
- Сабақтан қалмауын, мамандарға баруын қадағалаңыз.
Егер сіз үнемі жанында болып, көмектессеңіз, оның аздаған жетістігінің өзі - үлкен нәтиже.
Ұлттық балаларды оңалту орталығындағы көмек
Ұлттық балаларды оңалту орталығында психикалық-тілдік дамудың кешеуілдеуін ерте диагностикалау және түзету жүргізіледі.
Балалармен тілдік және когнитивтік терапияның заманауи тәсілдерін меңгерген тәжірибелі логопед, дефектолог және психолог мамандар жұмыс істейді.
Біз баланың ашылуына, сөйлеп үйренуіне, түсінуге және қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін қауіпсіз және қолайлы орта құрамыз.
Толығырақ мына бөлімнен оқыңыз: «Тілдік және психикалық дамудың кешеуілдеуі кезіндегі оңалту»
Ерекше балаларға – ерекше қамқорлық!
Егер сіз балаңыздан ПТДК белгілерін байқасаңыз, мамандарға жүгінуді кейінге қалдырмаңыз.
Неғұрлым ерте бастасаңыз, баланың өз құрдастарын қуып жету мүмкіндігі де соғұрлым арта түседі.
📞 Телефон: +7 708 503 65 73
📱 WhatsApp: +7 700 753 03 09


